Меңгеруші: Асанова Ментай Сагатовна

Өмірбаян
Ментай Асанова 1978 жылы 18 мамырда дүниеге келген. 1995 жылы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтына оқуға түсіп, оқу орнын 1999 жылы «Мектепке дейінгі тәрбие» мамандығы бойынша бітірді.
Еңбек жолын 2001 жылы «Жас қанат» балабақшасының әдіскері болып бастаған. 2007–2011 жылдары аралығында «Балауса» балабақшасының тәрбиешісі, 2011–2015 жылдары аралығында Бейнеу аудандық мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту орталығының директоры, 2015–2016 жылдары аралығында «Үстірт бөбекжайы» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнының директоры, 2016–2017 жылдары аралығында Бейнеу санаториялық бөбекжайының директоры қызметтерін абыроймен атқарды. 2017 жылдан бері «Үстірт бөбекжайы» МКҚК-ның директоры . 2022 жылдан бастап «Атамекен» бөбекжайы» ЖБҚ МКҚК директоры болып тағайындалды. М. Сағатқызының жалпы еңбек өтілі 18 жылды құрайды, оның ішінде түрлі мектепке дейінгі білім беру ұйымдарындағы еңбек өтілі – 7 жыл. Сонымен қатар ол 2015 жылдан бүгінгі таңға дейін «Қазақстан Республикасы білім және ғылым министрлігінің білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті Маңғыстау облысының білім саласындағы бақылау департаменті басшысының бұйрығы негізінде балабақшаларға бару арқылы профилактикалық бақылау жүргізетін эксперттік топ құрамының сарапшысы ретінде де саланың дамуына өзіндік сүбелі үлесін қосуда
Ментай Асанова түрлі мекемелерді басқару барысында әрбір бала мен педагогқа жеке тұлға ретінде қарап, олардың жан-жақты дамуына жағдай жасап келеді. Сондай-ақ бөбекжайда педагогтардың оқу процесіне қатысты заманауи технологияларды пайдалану жолдарын үнемі қарастырып, оқу тәрбиесінде инновациялық технологияларды кеңінен пайдаланады.
«Жұмыс барысында алдыма қойған басты мақсатым – заман талабына сай лайықты жаңа педагог қалыптастыру, ұжыммен бірлесе отырып уақыт ағымына орай білімнің алғашқы баспалдақтарын меңгерген, өмір сүруге бейім, адамгершілігі жоғары, бәсекеге қабілетті, дарынды жеке тұлғаны қалыптастыруға тәрбиелеу. Осы міндеттерді жүзеге асыру аясында бүгінгі таңда бөбекжай педагогтары мен тәрбиеленушілері аудан, облыс көлемінде көптеген жетістіктерге жетуде», – дейді Ментай Асанова.
Ол басқаратын бөбекжайдағы құрылған топтар түрлі бағыт бойынша жұмыс істейді. Мәселен, кейбір топтар Мария Монтессори элементтерін пайдаланады. Сонымен қатар бүлдіршіндерге «тәй-тәй» технологиясын пайдалана отырып оқу қызметі ұйымдастырылады, құм терапиясы және асық терапиясы қолданылады. Бөбекжай мектеппен, мұражаймен және кітапханамен тығыз өзара байланыста.
Жас жеткіншектерді тәрбиелеу жұмысының негізі ең алдымен отбасында қаланып, сонан соң балабақшада жалғасатыны белгілі. Бүгінгі жас ұрпақ болашағының ірге тасының берік қалануы үшін, балабақшада берілетін білім мен тәрбиені дұрыс қалыптастыру үлкен маңызға ие. Өмірін осынау жауапкершілігі зор қызметпен өрнектеген Ментай Асанова қомақты табыстарға да қол жеткізді
Атап айтқанда, ол «Үздік тәрбиеші – 2009» аудандық байқауында бас жүлдеге, «Үздік тәрбиеші – 2009» облыстық байқауында бірінші орынға, «Жаңашыл басшы – 2018» аудандық байқауында бас жүлдеге және «Жаңашыл басшы – 2018» облыстық байқауында үшінші орынға ие болды. Сондай-ақ Ментай Асанова «Үздік балабақша тәрбиешісі» республикалық байқауында «Үздік ұжым» номинациясымен марапатталды.
Сонымен қатар 2012 жылы Маңғыстау облыстық мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту орталығының ұйымдастыруымен «Ауылдық жердегі балабақшаларда «Балапан» бағдарламасының орындалуы» тақырыбындағы облыстық семинардың жоғары деңгейде өтуіне зор үлес қосты. Бұл үшін ол Маңғыстау облыстық Білім басқармасының Құрмет грамотасымен, өзге де еңбектері үшін Бейнеу аудандық білім бөлімінің, аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің және аудандық білім беруді үйлестіру орталығының Алғыс хаттарымен марапатталған.
«Балалардың өмірін сақтап, өсіп-жетілуіне, болашақ ұрпақты тәрбиелеп, дұрыс тәлім-тәрбие, білім беруді ең басты міндетім деп санаймын. Мемлекет пен ата-ана тәрбиешіге өзінің ең қымбат асылын, халықтың болашағын, елдің келешегі – сәбидің тағдырын барлық ықылас ниетімен сеніп тапсырады. Мұндай сенім мектепке дейінгі мамандарға үлкен жауапкершілік жүктейді. Біз осы жауапкершіліктің үмітін ақтап, болашаққа нық сеніммен қадам басамыз», – дейді Ментай Асанова.
